Қаскелең епископы Геннадий шіркеудің дәстүрлі түрде кез келген жаңа технологияны адамға пайда да, зиян да тигізе алатын құрал ретінде қарайтынын атап өтті.
– Технологияларды адамның игілігі үшін де, зұлымдық үшін де қолдануға болатынын жақсы түсінеміз. Дегенмен, қазіргі уақытта пайда болып жатқан технологиялар адамды жылдам баурап алып жатыр. Біз ата-аналарымыз білмеген ақпараттық кеңістікте өмір сүрудеміз. Тіпті бес жыл бұрынғы қоғамның өзі мүлде басқа еді. Сондықтан бүгінде барынша сақ болу қажет, - деді епископ.
Оның пайымынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект саласындағы әдеп қағидаларын енгізу қажеттігі туралы айтқан сөзі қазіргі күн тәртібіндегі өзекті мәселені айқын көрсетіп берді.
– Заманауи технологиялар жаңа қауіптерді әкеліп, адам санасын басқару мүмкіндіктерін беріп отыр. Бұл жайында көп жазылып, жиі айтылып жүр. Виртуалды әлемге терең бойлаған адам кейде шынайы өмірден алыстап, қарапайым адами қарым-қатынас дағдыларынан айырылып қалады, - деді ол.
Епископ Геннадий мұндай сын-қатерлерге қарсы тұруда берік рухани-адамгершілік ұстанымның көмегі зор екенін айтты.
– Егер адамның сенімі берік, моральдық және рухани тірегі мықты болса, онда жаңа технологиялар оған теріс әсер ете алмайды. Біз адамның ондай ұстанымды діннен алатынына сенімдіміз. Өйткені дін – мәңгі рухани құндылықтарды алып жүретін, адамды жақсылыққа жетелейтін күш, - деді ол.
Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтіп жатыр.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынды.