Қасқырлар үйірінде өскен испандық «қасқыр бала» өмірден озды

АСТАНА. KAZINFORM — Андалусияда дүниеге келген, қасқырлар үйірінің арасында тәрбиеленген Маркос Родригес Пантоха 80 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды euronews.

Фото: Pixabay

Ол 1946 жылы азаматтық соғыстан енді ғана ес жия бастаған Испанияда дүниеге келген. Балалық шағы Андалусиядағы Аньора ауылында өтті.

Родригестің өмірі жастайынан жоқшылық, аштық пен зорлық-зомбылыққа толы болды. Әкесі отбасын әрең асыраса, өгей шешесі оған қаталдық танытқан. Алты жасында әкесі оны ешкі бағушыға сатып жіберген. Ол ер адам баланы мал бағу үшін қарт бақташы тұрған шалғай аңғарға апарып тастаған. Бақташы оған тауда тіршілік етуді және табиғаттағы бар ресурстарды пайдалануды үйреткен.

Адамдардан бойын аулақ ұстады

Көп ұзамай бақташы қайтыс болып, Маркос мүлдем жалғыз қалды. Уақыт өте келе жабайы табиғат оның үйіне айналып, айналасындағы жануарлар жаңа отбасындай болды.

Родригес 12 жыл бойы адамдармен араласпай өмір сүріп, өзіне тән қарым-қатынас тәсілдерін қалыптастырды. Ол құстардың сайрауынан бастап, бұғылардың ақырғанына дейін жануарлардың дыбыстарын меңгерді. Тіпті түлкілермен, қасқырлармен және жыландармен де еш қиындықсыз тілдесе алатынына сенген. Осы жылдар бойы ол өркениеттен барынша алыс жүруге тырысты. Тауда адам дауысын ести қалса, қашып немесе жасырынып қалатын.

Родригес қасқырдың бөлтіріктерін тамақтандырып, қауіп төнген кезде ұлып белгі беру арқылы олардың сеніміне ие болған.

Антрополог, профессор Габриэль Жанер Манила әлеуметтік-ғылыми зерттеу аясында Пальма-де-Майорка университетінің философия факультеті үшін Родригеспен бірнеше ай бойы сұхбат жүргізді. Сұхбаттар 1975 жылдың қарашасынан 1976 жылдың сәуіріне дейін жалғасты.

Антрополог Жанер оның досына айналды. Оның пікірінше, Родригес өзінің зеректігі мен қиялының арқасында тірі қалған. Жанер диссертациясында Родригестің өмірінің әр кезеңін сипаттап, оның біртіндеп жануарлар қауымдастығының бір бөлігіне айналғанын, сол ортадағы ережелер мен тілдерді меңгергенін және жануарларды өзіне тең санағанын жазды.

— Мен жылап отырдым. Олар маған қарай секіріп келді. Содан кейін өздерінің үңгіріне, қасқырлардың апанына апаратын жолды көрсетті, — деп Родригес Жанерге әңгімелеген. 

Ол қасқырдың күшіктері өзін қарсы алып, айналасында ойнап, секіріп жүргенін айтқан.

Уақыт өте келе оның қасқырлармен арасында өзіндік симбиоз қалыптасқанға ұқсайды.

Маркос Родригес Пантоха

2010 жылы TVE телеарнасының Informe Semanal бағдарламасының түсірілім тобы Родригеспен туған Аньора ауылында кездесті. Бұл оның 60 жылдан кейін ауылға алғаш рет оралуы еді.

— Менің жағдайым өте жақсы болды. Ақшаның не екенін білмедім, бірақ тамағым әрдайым жеткілікті еді, — деді ол камера алдында таудағы өмірін еске алып.

1965 жылы 19 жасында оны Азаматтық гвардия қызметкерлері тауып алған. Осыдан кейін оған адамдар арасында, қоғамда өмір сүруге қайта бейімделуге тура келді. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс болды. Кейін Родригес тауда өзін бақытты сезінгенін, ал шынайы азап оны тауып, қоғамға қайта оралуға мәжбүрлегеннен кейін басталғанын бірнеше рет айтқан.

Балалық аңғалдығын сақтап қалды

Оны жақсы білген адамдардың айтуынша, Родригес сол бойы бала қалпында қалған. Ол қоғамға қатысты «аңғал» болды және испан тілінде еркін сөйлей алмады.

Ол Хаэн қаласында діни қызметкердің үйінде, кейін Мадридте монах әйелдердің қолында тұрды. Әскери қызметтен өтті. Ақырында Мальорка аралына барып, қонақүйлер мен мейрамханаларда жұмыс істеді.

Басынан өткерген оқиғалардан кейін Родригес өз тарихын өзгелерге айтып беруді жалғастыруға шешім қабылдады. Оның мақсаты — «табиғатты қорғау және оны жақсырақ түсінуге ықпал ету, өйткені біз табиғаттан тым алыстап кеттік» деген ойды жеткізу болды.

Ол бұл үндеуін әсіресе балаларға арнағысы келді: «Үй жануарларыңа көбірек мейірім көрсетіңдер. Техниканы розеткаға қосып қана қоясыңдар, ал үй жануарларына махаббат қажет».

Оның өмірбаяны негізінде «Қасқырлар арасында» фильмі түсірілді. Фильм Испанияда 2010 жылдың 26 қарашасында прокатқа шықты.

2001 жылдан бастап Родригестің Оренсе провинциясындағы Ранте ауылында үйі болды. Ранте ауылы қарайтын Сан-Сибрао-дас-Виньяс муниципалитеті өзінің көп жылдан бергі тұрғынымен қоштасты.

Родригес 15 тамыз, сенбі күні, қауымның қамқоршы әулиесіне арналған мерекелік шара кезінде қайтыс болды.

Бұған дейін АҚШ сенаторы Линдси Грэм 71 жасында қайтыс болғанын жазғанбыз.