ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Kaspi Bank» АҚ бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктінің бірі Орал қаласында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, Алматы қаласының 28 жастағы тұрғынын криминалдық полиция және арнайы жасақ
қызметкерлері Оралдағы үйлердің бірінен бүгін сағат 10.00 шамасында қолға түсірді.
Биылғы 15 қазанда Алматы қаласындағы «Kaspi Bank» АҚ бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасалып, белгісіз екі адам атыс қаруымен қорқытып, қаражатты алып кеткен болатын.
Осы дерек бойынша Алматы қаласы полиция департаменті Алмалы ауданының полиция бөлімі ҚР ҚК 192-бабы 3- бөлігіне сәйкес тергеу амалдарын жүргізуде.
«Соған байланысты күдікті бұдан кейін Алматы қаласына жеткізілетін болады», деді Б. Белгібеков.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).