Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының (МДӨҰҚ) мәліметінше, көлемі 5 мың тонна болатын алғашқы кеме 4 сәуірде жөнелтілген. Кемені толық тиеуге шамамен 2,5 тәулік кеткен. Рапс майын сатып алушы — Иранның ірі Kourosh Food Industry компаниясы. Ал жөнелтуші — МДӨҰҚ құрамына кіретін Қазақстандағы жетекші май зауыттарының бірі.
13 мамыр күні көлемі 5 мың тонна болатын күнбағыс майы тиелген екінші кеменің жүктелуі аяқталды. Бұл импорттаушылардың қазақстандық май өнімдеріне жоғары қызығушылық танытып отырғанын және Каспий арқылы өтетін жаңа экспорттық бағыттың болашағы зор екенін көрсетеді.
Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, Иран нарығы қазақстандық май өңдеу өнімдерін экспорттау үшін үлкен әлеуетке ие. Оның сөзінше, Иран жыл сайын шамамен 3,5 млн тонна өсімдік майы мен шрот/күнжара импорттайды. Оның ішінде 1,5 млн тоннасы — тікелей өсімдік майлары.
— Біздің елдер Каспий теңізі арқылы байланысқан. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда келісімі аясында преференциялық кедендік режим жұмыс істейді. Соңғы үш жылда қазақстандық май зауыттары Иранға 100 мың тоннадан астам май өнімдерін экспорттады. Оның 94%-ын шрот құрады. Ақтау порты арқылы өсімдік майын тасымалдаудың іске қосылуы жеткізілім көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
МДӨҰҚ бағалауынша, Ақтау порты арқылы ай сайын 3–4 кеме жөнелтуге болады. Бұл жылына 150–200 мың тонна өсімдік майын экспорттауға мүмкіндік береді. Болашақта Иранға экспортталатын өсімдік майы мен шрот көлемі жылына 500 мың тоннадан асуы мүмкін.
Қауымдастық мәліметінше, өңдеу саласының дамуы экспорт арналарының кеңеюіне жаңа мүмкіндік ашып отыр. Бұрын бұл бағыт іс жүзінде пайдаланылмаған болса, бүгінде өндіріс көлемінің артуы мен логистиканың жолға қойылуы арқасында Қазақстан жаңа нарықтарға шығып, халықаралық саудадағы позициясын нығайтып келеді.
Жаңа жеткізу арнасының іске қосылуы экспорт нарықтарын әртараптандыруға, негізгі логистикалық бағыттарға түсетін жүктемені азайтуға және 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасында көзделген саланың валюталық түсімін 1 млрд АҚШ долларынан асыру мақсатына жақындауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан әлемдік күнбағыс майы экспортында 8-орынға ие болды.