«Каспий энергетикалық хабы» жобасы инфрақұрылымының құрылысына 400 миллион АҚШ долларына жуық көлемде инвестиция салынбақ

АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Каспий энергетикалық хабы (торабы)» жобасы инфрақұрылымының құрылысы 18 айдың ішінде іске асырылмақ. Бұл туралы бүгін Елбасының қабылдауында болғаннан кейінгі брифингте аталған жобаға қатысушы инвесторлар өкілінің бірі Вахан Заноян мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл Қазақстандағы маңызды жобалардың бірі екеніне тоқталған ол: «Жобаның аясында оның құрамына бірқатар мамандандырылған нысандар кіреді. Сондай-ақ техникалық, кадрлық және басқа да қамтамасыз ету қызметтері бар», - деді. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру кезеңдері бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші фазаға инфрақұрылымның құрылысы кіреді. Бұл кезеңдегі инвестиция көлемі 400 миллионға тарта АҚШ долларын құрайды. Атап айтқанда, негізгі нысандардың құрылысына жалпы инвестиция 15 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. В.Заноянның сөзіне қарағанда, жалпы жобаны жүзеге асыру 7-8 жылға созылуы мүмкін. Шамамен бірінші фазадағы инфрақұрылымның құрылысы 18 айда іске асырылмақ. Сонымен қатар, жобадағы жер жұмыстары 6-7 айдан кейін басталады. Ал бұған дейін жобаның басқа да фазалары игерілмек.