Каспий итбалығының популяциясын сақтау резерваты құрылады

Фото: Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінен

Қазақстанда итбалықтарды сақтауға арналған мемлекеттік резерват құрылады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін Маңғыстау облысында мемлекеттік табиғи резерват құру қарастырылған. 2023 жылдың сәуірінде жаратылыстану-ғылыми жобасы бекітілді. Оның негізінде қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Нәтижесін жыл соңында аламыз. Мемлекеттік резерват 2024 жылғы маусымда құрылады», - Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр итбалықтар мен балықтардың қырылуы туралы айтты.

«Итбалықтар мен балықтардың қырылу себебін анықтау мақсатында балықты қорғау инспекциясы жарақтандырылды. Бұл үшін биыл республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат шеңберінде жыл соңына дейін теңіз кемесін сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, жыл соңына дейін автокөліктер, қайықтар, ұшу аппараттары, түнгі көру құралдары және байланыс пен навигация құралдарын сатып алу жоспарлануда», - дейді ол.