Каспий құбыр консорциумы «Теңіз» кенішінен 16 млн тонна мұнай тасымалдады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумы Атырау облысындағы «Теңіз» кенішінен 16 млн тонна мұнай тасымалдады.
Каспий құбыр консорциумының бас директоры Николай Горбанның мәліметінше, «Теңіз-Новороссийск» құбырымен Қазақстанның кен орындарынан жылына 72,5 млн тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін құбырмен жылына 83 млн тонна қазақстандық көмірсутекті шикізатты тасымалдауға дайындық жасалған.
«Каспий құбыр консорциумының құбырымен биылғы қаңтар-шілде аралығында «Теңіз» кен орнынан шамамен 16 млн тонна мұнай тасымалданды. Көмірсутекті шикізат танкерлерге тиеліп, тұтынушыға жөнелтілді», - деп хабарлады Николай Горбань.
Қазір «Теңіз кен орнында өндірілетін мұнай көлемін арттыратын екі жобаны іске асыру аяқталуға таяды. Оның бірі – келешек кеңею, екіншісі – ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы. Бұл жобалар іске қосылған кезде кен орнынан Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск айлағына дейін тасымалданатын мұнай көлемі ұлғаяды.
«Осыған орай Каспий құбыр консорциумы акционерлердің шешіміне сәйкес теңіз терминалында, оның ішінде «Теңіз» кен орнынан мұнайдың ұлғайтылған көлемін қабылдауды, тасымалдауды және жөнелтуді қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама қабылданды. Консорциумның мұнай құбыры «Теңіз» мұнайын тұрақты қабылдап, қауіпсіз тасымалдауды жалғастыруға толық дайын», - дейді Николай Горбань.
Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумы айлағында шланг ауыстыру 60 күнге созылатынын хабарлаған едік.