Каспий құбыр консорциумы қашан толық қуатта жұмысын бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Каспий құбыр консорциумы қазан айында толық қуатында жұмысын бастайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл қаңтар-қыркүйекте мұнай және конденсат өндіру көлемі 61,9 млн тоннаны құрады. Теңіз кен орнында аталған кезеңде 21,5 млн тонна мұнай өндірілді, бұл былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 113,6% болды. Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру көрсеткіші 8,5 млн тоннаға жетті. Ал Қашағанда мұнай өндіру көлемі 8,7 млн тоннаны, яғни биылғы жоспардың 83 пайызын құрады. Бұл көрсеткіштің төмендеуі «Болашақ» зауытындағы газ бөлу қондырғысының тамыз айында істен шығуына байланысты болды», - деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, оператор өндіру деңгейін тез қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде кен орны өз қуатының жартысын ғана жұмыс істеп жатыр.

«Биылдың 9 айында мұнай экспорты 46,8 млн тоннаны немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96 пайызды құрады. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Каспий құбыр консорциумында жеке орнатылған 3 айлақ құрылғысының біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Қашағандағы жөндеу жұмыстарына байланысты Каспий құбыр консорциумының жеке орнатылған бір айлақ құрылғысының жұмысы қазіргі көлем үшін жеткілікті. Каспий құбыр консорциумы осы жылдың қазан айында толық жұмыс істей бастайды деп ескеріліп отыр», - деді министр.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов 15 қазанға дейін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) екі жылжымалы айлақ құрылғысын іске қосуды жоспарлап отырғанын айтқан еді.



Фото:expertsouth.ru