«Бұған дейін жөндеу жұмыстары қазан айының соңында аяқталады деп болжаған едік. Өкінішке орай олай болмады. Қазір жағдай түсініксіздеу. Біріншіден, жұмысқа қажетті арнайы кемені ауыстыруға уақыт кетті. Оның үстіне мұны шұғыл түрде жасау керек болатын. Әдетте мұндай үлгідегі жабдыққа алдын ала келісімшарт жасалады. Кемені жеткізуге біраз уақыт кетті. Әлемде логистиканың күрделенгеніне қарамастан оны жеткіздік», - деді министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, қосымша сүңгуір жабдықтардың тапшылығы да орын алған.
«Оны да жеткіздік. Модульды ауыстыру оңай емес, гидросынақ жүргізу қажет. Мұның барлығы судың астында жасалады. Ауа райын басқара алмаймыз. Дауыл тұрған сәт сүңгуірдің денсаулығына қауіпті болуы ықтимал. Жалпы, бұл қауіпті жұмыс түрі. Толқын көтеріле бастаған сәтте олар суға түсе алмайды. Қазір гидросынақ жүргізіліп жатыр», - деді Болат Ақшолақов.
Фото: svetland-oil.kz