Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Каспий Құбыр желісі консорциумының (КҚК) бас директоры Николай Горбань мәлімдеді.
«Біз негізгі оператор ретінде Қашаған кен орнынан мұнайды қабылдауға дайын екенімізді толық растаймыз. Қазан айының соңына таман, Қашаған мұнайы келе бастаған тұста біз Атырау облысындағы «НПС-4»-ті (мұнай айдау стансысы-ред.) іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл тапсырыс бойынша сұранысты толық қанағаттандырады», -деді Н.Горбань.
Бас директордың айтуынша, Қашағаннан тасымалдау күтілетін мұнай көлемі шамамен айына 600 мың тоннаны құрайды. «Қашаған мұнайының сапасы консорциум талаптарына сәйкес келеді деп ойлаймын», - деді Н.Горбань.
Каспий Құбыр желісі концорциумы 2001 жылы іске қосылған болатын. Бұл Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Құбыр желісі қазақстандық мұнай экспортын жеткізудің басым бағыттарының бірі болып табылады. Ұзындығы 1510 шақырым КҚК құбыры қазақстандық «Теңіз» мұнай кен орнын және Қара теңіздегі «Оңтүстік Озереевка» мұнай терминалын біріктіреді.