«2016 жылы Қазақстан Республикасының бюджетіне 21 млрд 150 млн теңге аударған едік. Үстіміздегі жылдың 9 айында бюджетке аударылған қаржы 14 млрд 610 млн теңгені құрап отыр. 2017 жылға жоспарлап отырған жалпы болжамымыз - 24 млрд 970 млн теңге», - деп мәлімдеді КҚК бас директоры Николай Горбань Атырау облысы Исатай ауданындағы Каспий құбыр желісі консорциумының Шығыс аймағындағы А-НПС-3А жаңа мұнай айдау станциясын салтанатты іске қосу рәсімінде.
Каспий құбыр желісі консорциумы қызметінің пайдасы Атырау облысына да тиіп отыр.
«Компания құрылғаннан бері өңірдің әлеуметтік-экономикалық өміріне қолғабыс жасап келеді. Бүгінге дейін КҚК облыстағы әлеуметтік жобаларға 7 млрд теңге қаржы бөлген. Олар жаңа балабақшалар, мектептер салуға әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі жөндеуге, инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Облыс орталығында және аудандарда 4 жаңа әлеуметтік нысан бой көтерді. КҚК жуырда ғана жаңа мұнай құю стансасын салып бітірді. Ол 46 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды, тағы 300-ден астам адам мердігер ұйымдарда жұмысты болды», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
КҚК құбыр жүйесі - ТМД аумағындағы шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылған ең ірі жобалардың бірі. Оның Теңіз - Новороссийск құбыр желісі 1 511 километрге созылып жатыр. Осы маршрут арқылы Қазақстан экспорттайтын бүкіл мұнайдың үштен екісі жіберіледі.