Каспий құбыры консорциумында мұнай жөнелту жүйесі пайдалануға берілді

АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін, 14 тамызда, Новороссийск маңындағы Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалының акваториясының шығарылатын айлақ құрылғысында (ВПУ-1) жоспарлы жұмыстар аяқталды.

Фото: cpc.ru

Мұнайды тиеп-жөнелту жүйесінің жабдығы пайдалануға беріліп, штаттық режимде жұмыс істей бастады. Бұл туралы консорциумның сайтында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айлақ құрылғысының жабдықтарына техникалық қызмет көрсету 2023 жылдың 20 шілдесінде басталды. Жұмыс барысында екі компенсатор мен бір теңіз құбыршегі ауыстырылды, бес құбыршек жөнделді. 10 тамызда компенсаторлар ауыстырылғаннан кейін құрылғы құбырларын байлаудың гидравликалық сынақтары жүргізілді, 11 тамыз күні айлақ құрылғысына жасалған сынақ сәтті аяқталды.

Жұмыс барысында «Арктика» көмекші кемесі де жұмылдырылды. Айлақ құрылғысының су астындағы соңғы манифольдын ашып, жабу үшін екі сүңгуір қажет болды. Құрылғы жүйесін жуу AEGEAN MYTH танкерінің көмегімен жүзеге асырылады.

Каспий құбыры консорциумының құбыр жүйесі - ТМД аумағындағы шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз - Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 км. Осы бағыт бойынша Қазақстанның барлық экспорттық мұнайының үштен екі бөлігінен астамы, сондай-ақ ресейлік кен орындарынан, оның ішінде Каспийде орналасқан шикізат тасымалданады. КҚК теңіз терминалы жағадан едәуір қашықтықта, сондай-ақ, қолайсыз метеожағдайларда танкерлерді қауіпсіз жүктеуге мүмкіндік беретін үш шығарылатын айлақ құрылғыларымен жабдықталған.