Каспий мұнайгаз конференциясының Қазақстанда өткізілуі еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды көрсетеді - Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев

ҚТАУ. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Ақтауда IV Каспий мұнайгаз сауда-көліктік конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

IV Каспий мұнайгаз сауда-көліктік конференциясы 2 күнге созылмақ.

Шараны Маңғыстау облысының әкімдігі, ҚР Көлік және коммуникация, Мұнай және газ министрліктері, Маңғыстау облыстық сауда-өнеркәсіптік палатасының қолдауымен британдық «Confidence Capital» компаниясы ұйымдастырып отыр.

Конференцияға қатысушылар Каспий теңізінің XXI ғасырдың әлемдік энергетика нарығы жүйесіндегі барынша маңызды мұнайгаз бассейндерінің бірі ретінде макрокіріктірілуі, экспорттық бағыттардың Каспий аймағындағы мемлекеттер экономикасы мен мұнайгаз саласына ықпалы, Каспий бассейні елдерінің энергетикалық нарығын, сауда, көліктік инфрақұрылым, транзит салаларын дамыту, мұнайгаз өнімдерінің сапасын арттыру мәселелерін қарастыруда.

Каспий мұнайгаз сауда-көліктік конференциясы 2007 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Көтерілетін мәселелердің ауқымдылығына байланысты аталған конференция Каспий аймағындағы мемлекеттер мен сауда-экономикалық әріптестер үшін маңызды шаралардың біріне айналды. Биыл конференция алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев атап өткендей, оның Ақтау қаласында өткізілуі де кездейсоқтық емес.

«Біріншіден, бұл біздің еліміздің жоғары рейтингін тағы бір рет дәлелдеп отыр. Екіншіден, ұзақ мерзімді кемел әріптестікке жол ашатын жағымды инвестициялық ахуалдың орнағанын байқатады. Үшіншіден, бұл факт ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Қазақстан Республикасының ТМД елдері арасында көшбасшы орында екенін және дәлелдейді. Мұның бәрі - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың жемісі» деді Қырымбек Көшербаев.

Конференцияға қатысушылар қатарында ҚР Көлік және коммуникация, Мұнай және газ министрліктері, Маңғыстау облысының әкімдігі, РФ Халықаралық өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының көлік және транзит комитеті, Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігі, Қазақстандағы Азия даму банкі, Кембридж Энергетикалық зерттеу қауымдастығы, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Грузия, Түрікменстан, Австрия, Израиль, Сербия, Италия, Швейцария және т.б. елдердің ірі компаниялары өкілдері бар.

Конференция аясында Маңғыстау облысындағы энергетика құрылымының дамуы, сондай-ақ Каспий өңірінің негізгі жобалары және мұнай құбырларының толтырылуы, Каспий өңірінен көмірсутек шикізаттарының экспортталуы - көлік таңдау проблемалары, Қазақстаннан мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортқа шығарылуында Каспий порттары рөлінің артуы мәселелері талқылануда.