Каспий саммиті аясында Caspian Energy Summit шарасы өткізілмек

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылы күзде Астраханьда Каспий жағалауы мемлекеттерінің Каспий саммиті аясында Caspian Energy Summit бизнес-саммитін өткізу ұсынысы жасалды,

деп хабарлайды Каспий-еуропалық ықпалдастық іскерлік клубы (CEIBC). Аталмыш ұсыныс Caspian European Club пен Caspian Energy International Media Group тарапынан түсіп отыр.

Алғаш рет өткізілгелі отырған Caspian Energy Summit Ресей Президенті Владимир Путиннің төрағалығымен өтеді деп жоспарлануда. Кейін оған кезек-кезекпен Каспий саммиті ұйымдастырылатын елдердің басшылары төрағалық ететін болады. Caspian Energy Summit шарасы барысында Каспий жағалауы елдері арасындағы экономикадан бастап, ауыл шаруашылығына дейінгі салалардағы ықпалдастық пен бірлескен жобалардың таныстырылымы өткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсіптерінің экологиялық таза өндірістерін дамыту, Каспийде баламалы энергетиканы қолданудың әлеуеті, кеніштерде жаңа технологияларды қолдану, мұнай және газ трансұлттық құбырларының құрылысы, қаржылық және банк қарым-қатынастары, машина жасау, туристік әріптестік, телекоммуникациялық технологиялар, сақтандыру мен лизинг мәселелері жайында әңгіме өрбімек.

Caspian Energy Summit форумына Еуропалық одақ мемлекеттерінің бірқатар басшылары мен компания өкілдері, Каспий-Қара теңіз аймағының елдері, Еурокомиссия жетекшілері, сонымен қатар Caspian European Club клубына мүше трансұлттық компаниялардың төрағалары қатысады.