Каспий теңізі тартылып келеді - Қазгидромет

None
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Каспий теңізінің ластану мониторингі мен гидрометеорологиясы жөніндегі үйлестіру комитетінің 17-ші сессиясында Қазақстанның баяндамасы тыңдалды.

Сессия барысында Қазгидрометтің Климатты зерттеу және су проблемалары департаментінің директоры Тайызхан Қожахметов баяндағандай, қазіргі кезде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін 4 гидрометеорологиялық станса бақылайды. Оған қоса, 8 бекет бар. «Бірақ 2005 жылдан бастап Каспий теңізінің деңгейі төмендеп келеді. Соның салдарынан «Западная Прорва» бақылау бекеті теңіз жағалауынан алыстап кетті. Оның бәрі гидрометеорологиялық бақылау қызметі үшін біраз қиындық туғызып отыр. Бүгінде ол бойынша бақылаудың бірқатар шараларын қысқарту туралы шешім шығарылды», - дейді Т.Қожахметов.

Департамент директоры атап көрсеткендей, Каспий теңізі жағалауындағы радиациялық, метеорологиялық және тағы басқа мәліметтерді жинақтау мақсатында бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу жоспарланып отыр. Оның аясында электронды пошта, GSM және спутниктік байланыс кеңінен қолданылатын болады.