Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулаған Дағыстан Республикасының 6 азаматы ұсталды

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Каспий теңізінің солтүстігінде 100 келіден астам бекіре тұқымдас балықты заңсыз аулаған Дағыстан Республикасының 6 азаматы ұсталды. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Хабарланғандай, браконьерлер өткен айдың 23-31 күндері аралығында Ішкі істер министрлігінің мүдделі органдармен бірлесіп өткізген «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ұсталды. Шараның мақсаты - ел аумағында заңсыз аң аулау, ағаш кесу, биологиялық ресурстар өнімдері мен нысандарының заңсыз айналымы фактілерін анықтау.

Төрт «Байда» жүзгіш құралына мінген дағыстандықтардан бекіре балықтарынан бөлек, «Гармин GPS» навигациялық құралы мен төрт ау алынды. Факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-ші бабы, 3 бөлігі бойынша (су жануарлары мен өсімдіктерді заңсыз аулау) қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы 10 күндік жұмыс барысында табиғатты қорғау заңнамасына, сондай-ақ аңшылық атыс қаруын сақтау және оны алып жүру ережесіне қатысты 3 мыңнан астам бұзушылық анықталды. 2652 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардан өндіріп алынған айыппұл көлемі - 3,7 млн. астам теңге. 377 әкімшілік хаттамалар толтырылып, олар сотқа жолданды.

Сонымен бірге, экологиялық қылмыстарға қатысты - 29, биологиялық ресурстар нысандарын заңсыз иемдену, сату және ұрлау фактілері бойынша - 10, қару-жарақтарды заңсыз сатып алу және сақтау бойынша - 2 қылмыстық іс қозғалды. Тағы 22 материал бойынша іс қозғау мәселесі шешілуде.

Анықталған фактілер бойынша мемлекет бюджетіне келтірілген шығынның жалпы сомасы - 5,5 млн. теңге.