Каспий теңізінде жыл сайын ихтиологиялық зерттеу жүргізіледі. 2022 жылы облыс көлемінде 8 табиғат пайдаланушының учаскесін бақылап, балық аулау жұмыстары жүргізілді. Жағалауда құрылған ау-құралдарға бекіре, күтім, кефаль, көксерке, ақбалық және майшабақтар түскен.
«Балықтардың салмағы өлшенген соң тірі күйде теңізге қайта жіберілді. Осылайша Каспийдегі биоресурстардың қай учаскеде, қандай көлемде бар екендігі анықталады. Жинақталған мәліметтер мен фотосуреттер Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттарына жіберіледі. Ихтиологиялық бақылау нәтижесі балық аулауға мемлекеттен квота бөлінуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта табиғат пайдаланушылардың сұранысы бойынша осы квота көлемін ұлғайту үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, - деді Маңғыстау облыстық Балық инспекциясы басқармасының басшысы Жақсығали Іздібаев.
Бұған дейін жасалған ихтиологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесінде күтім балығы 2022 жылдың 16 қыркүйегінде министрліктің қаулысына сәйкес Қазақстанның қызыл кітабынан шығарылды, яғни аулауға рұқсат берілді. Сондай-ақ табиғат пайдаланушылардың сұрауымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №18-04/17 бұйрығына былтыр өзгеріс енгізіліп, диаметрі 0,3 миллиметрлік ау-құралымен аулауға рұқсат етілді.