«Қазан айының басынан бері бүгінгі күнге дейін теңіз шекарашылары теңіз бетінде заңсыз балық аулаумен айналысқан 71 адамды ұстады. Олардың арасында қазақстандық, ресейлік және өзбекстандық азаматтар бар. Шекарашылардың әскери-жауынгерлік қызмет атқару барысында браконьерлердің ау құралдары да табылды. Мысалы, шекарашылардың қырағылығы арқасында 238 640 м. ау, 18 750 м. калад (браконьерлік құрал), 17 050 дана ілмек анықталды. Егер қазақстандық шекарашылардың қырағылығы болмағанда осыншама браконьерлік құралдар қаншама теңіз байлығын қолды қылар еді. Әрине, кейбір ау құралдарынан Каспийдің ерке балығы - бекіре және бекіре тұқымдас балықтар да босатылды. Мысалы, 1 105 дана бекіре, 10 тонна бекіре тұқымдас балық анықталып, аудан шығарылды», делінген хабарламада. Браконьерлердің де теңіз бетіне бес қаруын сайланып шығатындықтарын да айта кету керек. Мысалы, аталған іс-шара барысында қазақстандық шекарашылар 37 дана жүзу көлігін ұстады. Олардың ішінде кәдімгі резиналық қайықтардан бастап, үлкендігі жағынан теплоходқа ұқсайтын жүзу құралдары да бар. Аталған іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
15:19, 02 Қараша 2015
Каспий теңізінде Қазақстан шекарашылары заңсыз құрылған 238 640 метр ауды анықтап, 10 тонна балықты босатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий теңізінде және оған құятын өзендер бойында біріккен жедел-сауықтыру іс-шараларының ІІ кезеңі аяқталды. Аталған іс-шараға Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының шекарашылары белсенділікпен қатысты, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.