Каспий теңізінде үш адам із-түзсіз жоғалды
19:44, 21 Қазан 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқыс оқиға 16 қазанда таңертең Түпқараған ауданы Қаражамбас кен орнының маңында орын алды. Сағат 9:30 үш балықшы резеңке қайықпен теңізге шығып, қайтып оралмаған.
Маңғыстау облысы бойынша ТЖД баспасөз хатшысы Гүлнар Қожабекова айтқандай, адамдардың жоғалғаны туралы хабар 17 қазанда сағат 17:43 «Ақтау-Балық Компани» ЖШС бригадирінен келіп түсті.
- Үш балықшы Ямаха-115 моторлы «Касатка» резеңке қайығымен Түпқарағай ауданы (Ақтау қаласынан 215 км) жағынан теңізге шығып, қайтып келмеді. Іздеу-құтқару жұмыстары 17 қазаннан бері жүргізіліп жатыр. Із-түзсіз жоғалғандар 1963, 1973, 1975 жылдары туған Маңғыстау облысының тұрғындары, - деді Гүлнар Қожабекова.
Бүгінге дейін іздеу жұмыстары еш нәтиже берген жоқ. Алайда жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды lada.kz.