2010 жылдың 18 қарашасында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркіменстан арасында қол қойылған келісім аясында тараптар бірқатар салаларда ынтымақтастықты жандандыратын болады. «Атап айтқанда, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, кез келген қару түрлері мен оқ-дәрінің, жарылғыш және уландырғыш заттардың, әскери техниканың заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық қаралады. Бұдан бөлек, есірткінің заңсыз айналымына, контрабандаға, адам саудасына, биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күрес қамтамасыз етіліп, теңізде жүзу қауіпсіздігіне мән беріледі. Тараптар осы келісімді іске асыруға қатысты құзыретті органдарды тағайындайтын болады», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов.
Тоқтала кететін жайт, аталған келісімді бүгінгі таңда Иран мен Қазақстан тарапынан басқа мемлекеттердің барлығы ратификациялаған.
«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалмаған жағдайда бес жақты келісім өңірдегі мемлекеттердің аймақтық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін заңды түрде бекітуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, заңсыз әрекеттерге қарсы бірлескен ісқимыл жасауға жол ашады», дейді Н. Жоламанов.