Каспий теңізінің бүгінгі экологиялық ахуалы мен болашақ тағдыры атыраулықтарды алаңдатады - Ұ. Елубаев

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ұзаққали Елубев Каспий теңізінің болашақ тағдырына алаңдаушылық білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың пікірінше, елімізде көмірсутектің негізгі қорлары батыс аймақтарда, оның ішінде Атырау облысында орналасқан. Бұнда жалпы көлемі 1 млрд. тонна мұнайды құрайтын 75 кен орны бар. Бұның ішінде қор көлемі 846 млн. тоннаны құрайтын 39 кен орны өңделу үстінде болса, 7 кен орнында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал 24 кен орны барлауға дейінгі жұмыстар сатысында екен.

«Дей тұрғанмен, облыстың ауа бассейнін ластаудың негізгі үлесі (80-85 пайыз) мұнай өндіру және мұнай өңдеу кәсіпорындарының үлесіне тиеді. Сондықтан да Каспий аймағының экологиялық жағдайы атыраулықтарды қатты алаңдатуда. Сонымен бірге, елімізде 2020 жылға дейін көмірсутегін өндіруді 150 миллионға жеткізетін болсақ, оның жартысы Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнынан алынбақ. Биылғы жылы АДЖИП-тің Қарабатандағы мұнай өңдеу кешенінің құрылыс-монтаж жұмысының аяқталуына байланысты, 9,5 мың адам жұмыстан қысқартылады, оның 6,5 мыңы атыраулықтар екен. Ендеше алдағы уақытта жұмыссыз қалатындардың тағдыры да үлкен алаңдаушылық тудырады», деді Ұ. Елубаев.

Осы ретте депутат өңірдегі күрделі болып табылатын бірқатар мәселелерді алға тартты. «Каспий теңізі жағалауында орналасқан елді-мекендердің, Атырау қаласының экологиялық жағдайын жақсартуда қандай шаралар қолға алынып отыр? Солтүстік Каспий кешені Қашаған жобасында 10 шақырымнан астам тереңдіктен алынатын мұнайдың күкірттілігі 25 пайыз, қысым 940 атмосфера, бұл дегеніңіз Теңіз кешенінен 35 есе көп деген сөз. Егер апатты жағдай туындар болса, Каспий теңізінің тағдыры не болмақ?»,- деді депутат.