Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы мәселенің пысықталуы Қазақстанның өз учаскесіндегі жер қойнауын игеру жоспарына ықпал етпейді

МӘСКЕУ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Қазақстан дәйекті түрде Каспий теңізінде аумақтық теңіз кестесі, балық аулау аймағы мен ортақ су кеңістігін орнату керек деген ұстанымынан таймайды.

Бұл туралы Каспий маңы елдері сыртқы істер министрлері орынбасарларының деңгейіндегі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция әзірлеу мәселесі жөніндегі Арнайы жұмыс тобының 29-шы отырысының соңынан өткен баспасөз мәслихаты барысында ерекше тапсырмалар жөніндегі елші - ҚР Сыртқы істер министрлігінің халықаралық-құқықтық департаментінің директоры Зульфия Аманжолова мәлім етті.

«Каспий маңы елдерінің мемлекет басшылары сияқты делегацияның да Каспий теңізінде аумақтық теңіз режимі, ортақ су кеңістігі болуы керек деген ұстанымды келісімдері бар. Осы және басқа да мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, ол мәселелер терминология және бес ел үшін балық аулау аймағын кеңейту және реттеуге қатысты», - деп атап өтті қазақстандық делегация басшысы.

З.Аманжолованың айтып өткеніндей, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасын талқылау аясында теңіз түбін шекараға бөлуге қатысты ережелер де келісіліп жатыр.

Ол сондай-ақ Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы мәселенің болашақта пысықталуы қазақстандық тараптың жоспарларына және өз учаскесіндегі жер қойнауын игеру жөніндегі бекітілген келісімшарттарға ықпал етпейтінін жеткізді.

Ресей Федерациясы Президентінің Ресей мемлекеттік шекарасын ТМД мемлекеттерімен делимитация және демаркация жөніндегі арнайы өкілі А.В.Головин атап өткендей, отырыс негізінде 2010 жылы өткен ІІІ Каспий саммитінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыру мәселесіне арналды. «Келесі отырыс кезек бойынша Астанада өтеді», - деп хабарлады ол.