Бұл туралы РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары, статс-хатшы Григорий Карасин бүгін Мәскеуде басталған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі арнайы жұмыс тобының 29-шы отырысында мәлім етті. Бұл отырыс Каспий жағалауы елдері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде өтіп жатыр.
2010 жылы Бакуде өткен ІІІ Каспий саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Каспий жағалауы елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің «Каспий бестігінің» ынтымақтастығын әрі қарай жалғастыруға мол перспектива ашып отырғанын атап көрсеткен Г.Карасин, «Каспий жағалауы елдерінің алдынан Каспийдегі су кеңістігін межелеу жөніндегі толғағы жеткен мәселені шешудің нақты перспективасы ашылып отыр. Біздің елдеріміздің басшылары Каспий аквториясындағы мемлекеттік егемендіктің күші сақталатын ортақ кеңістік туралы келісімге келген және балық аулауға жағалаудағы мемлекеттің жеке құқығы туралы келіскен болатын», - деді.
«Алда тұрған ендігі міндет - осы жаңа аумақ режимдері мен одан кейінгі ортақ су кеңістігінің нақты көрсеткіштерін тұжырымдау. Ресей тарапы ІІІ Каспий саммитінің шешімдері толық көлемде орындалады, соның нәтижесінде каспий бестігінің жоғары деңгейдегі келесі кездесуін шақыру мүмкіндігі туындайды деген үмітте», - дейді Г.Карасин.
Қазақстан делегациясын Мәскеуге СІМ Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі - халықаралық-құқықтық департаменттің директоры Зүлфия Аманжолова бастап барды.