Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 9 шілдеде теңіз жағалауындағы жалын шарпыған аумаққа аэровизуалды тексеру жүргізілген.
«Содан кейін қамыс өртін ауыздықтау үшін нақты шаралар қабылданды. Өрт сөндіру жұмыстары әуе және жерүсті әдістерімен жүргізілді. Қазір ашық жану ошағының аумағы 28 гектарға дейін төмендеді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Каспий теңізінің жағалауындағы метеорологиялық жағдай өрт сөндіру жұмыстарын жүргізуге қолайлы болмай тұр. Қазір мұндағы ауа температурасы 40 градустан жоғары, оңтүстік-шығыстан соққан жел екпіні – секундына 10-14 метр.
«Өрт сөндірушілер қамыс өртенген аумаққа «КазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағының СТҚ-5 қондырғысымен 68 рет су тасып, 200 тоннадан астам су төкті. Жалынды сөндіруді департамент пен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 100-ге жуық адам 20 техникамен жалғастырып жатыр.
Еске сала кетейік, бүған дейін Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртіне тікұшақпен 162 тонна су төгілгенін, қамыс өртінің аумағы 690 гектарға жеткенін жазған болатынбыз.
Каспий теңізінің жағалауында 6 шілдеден бері қамыс өртеніп жатыр.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауындағы өрттің тұтанғаны кешкі сағат 20:00 шамасында белгілі болған.
«Қамыс өрті Атырау қаласындағы Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта тіркелді. Сол күні кешкісін өрт аумағын бақылау үшін 12 қызметкер жіберілді», -деп мәлім еткен еді Асқат Ержанов.
Кейін Каспий жағалауындағы қамыс өрті 450 гектарға жайылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартылатынын хабарлаған едік.
Ал, кеше жағалаудағы қамыс өртіне тікұшақпен 60 тоннаға жуық су төгілді.