Каспий теңізін мұнай дағы басып жатқаны расталмады — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Каспий теңізін мұнай дақтары басып жатыр деген болжамды жоққа шығарды.
— Бұл ақпарат былтыр да тараған, бірақ ол дерек расталмады. Қазір аталған ақпараттың растығы дәлелденген жоқ. Қазақстан Республикасының аумағында, соның ішінде Каспийге де қатысты ғарыштық мониторинг бар. Біздің ғарыштық зондтаудан мұндай ластану фактісін, яғни мұнай дақтарын анықтаған жоқ, — деп жауап берді Жомарт Әлиев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ министрдің орынбасары эко-белсенділердің Каспий теңізін мұнай дақтары басып жатыр деген дабылды нақтылай алмайтынын айтты.
— Белсенділер қателесті ме, әлде жаңсақтық па, нақты айта алмаймын. Айта кететін жайт, кейде ғарыштық зондтауда бұрмалану фактілері болуы мүмкін. Мысалы, бұлттар немесе басқа да көлеңке түсіретін объектілер. Бұл көлеңкелерді мұнай дағы немесе ластану ошағы деп қабылдауға болады. Биыл мұндай факті тіркелген жоқ, — деп толықтырды вице-министр.
Бұған дейін Каспий теңізінен спутниктер апта сайын жаңа дақты тіркеп жатқаны туралы жазған едік.