Каспий теңізін сақтап қалудың жолдары қандай — ғалыммен сұхбат
АҚТАУ. KAZINFORM — Теңіз деңгейінің үздіксіз төмендеуі — бүкіл Каспий маңы елдерінің ғалымдары, билік өкілдері мен қоғамның ерекше назарын аударып отыр. Осы орайда Yessenov University PhD докторы, профессор Самал Сырлыбекқызы Kazinform тілшісіне сұхбат берді.
— Самал Сырлыбекқызы, Каспийдің қазіргі жағдайы қалай? Соңғы зерттеулердің нәтижесі қандай?
— Каспий теңізі — халқымыздың баға жетпес табиғи қазынасы әрі өңірдің экологиялық тұрақтылығы мен экономикалық өркендеуінің маңызды кепілі. Оның гидрологиялық жағдайы аймақтық климатқа, биоәртүрлілікке және экономикалық қызметке тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда Каспий маңы аймағы бұрын-соңды болмаған экологиялық қиындықтарға тап болып отыр. Соңғы онжылдықтарда теңіз деңгейінің ауытқуы мен су балансының өзгеруі экожүйеге, балық шаруашылығына, жағалау инфрақұрылымына және көлік-логистика саласына елеулі ықпал етті.
Есенов университетінің ғалымдары қазіргі таңда ҚР Ғылым және Білім министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан жоба аясында, Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым Академиясы, Ширшов атындағы Океанология институтының ғалымдарымен бірлесіп зерттеулер жүргізуде. Алдын ала нақтыланған нүктелерден су және тұнба, флорасының сынамасы алынып, теңіз ортасына арнайы құрылғылар орнатылды және бұрын орнатылған құралдардан деректер жиналды.
Жылпы Каспий теңізінің деңгейі 1995 жылдан бері үздіксіз төмендеп барады. Спутниктік альтиметриялық деректерге сәйкес, Әзербайжанның Баку қаласындағы бақылау постында теңіз деңгейі -29,4 метрге дейін, ал наурызда Ресейдің Махачкала қаласындағы постта -29,3 метрге дейін төмендеген. Бұл — соңғы 500 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.
— Теңіздің тартылуы — оны жағалай орналасқан көрші елдерді де алаңдатып отырғаны рас. Болжам қандай?
— Каспий теңізі деңгейінің жылына орташа есеппен 10 см-ге біртіндеп төмендеуі (жекелеген жылдары бұл көрсеткіш 35 см-ге дейін жеткен) үкіметаралық деңгейде, халықаралық ғылыми форумдарда, аймақтық және республикалық ведомстволарда кеңінен талқыланып жатыр. Ең пессимистік болжамдар бойынша XXI ғасырдың соңына дейін теңіз деңгейі климаттың даму сценарийлеріне байланысты тағы 2-21 метрге дейін төмендеуі мүмкін.
Егер су деңгейі 10 м-ге төмендейтін болса, солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігінде теңіз жағалауы қазіргі шекарасынан 200 шақырымға дейін шегініп, порттар мен инфрақұрылымдарда апатты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық зардаптарға әкелуі ықтимал.
Түрлі климаттық модельдер мен ғалымдардың зерттеулері (Панин, 2015; Prange et al., 2020; Samant, Prange, 2023 және т. б.) теңіз деңгейінің әрі қарай төмендеуімен қатар оның тұрақтануы немесе қайта көтерілуі мүмкін екенін де көрсетеді. Панин және әріптестерінің (2015) болжамы бойынша, алдағы 10-15 жылда деңгейдің төмендеуі жалғасады — бұл қазіргі деректермен расталып отыр.
Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының зерттеуі бойынша 2020 жылдан бастап ғасыр соңына дейін теңіз деңгейінің 9-18 м төмендеуі мүмкін (RCP4.5 сценарийі мен IPCC деректері негізінде), бұл жағдайда Каспийдің беткі ауданы 23-34 пайызға дейін азаюы мүмкін. Су деңгейі 5-7,5 м төмендегеннің өзінде теңіз порттары батпақтанып, Каспийдің көлік жүйесі толығымен істен шығуы ықтимал.
— Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне қандай факторлар себеп?
— Жалпы теңіз деңгейінің динамикасын болжау — күрделі міндет және тек ықтималдық түрінде ғана жүзеге аса алады. Болжамның дәлдігін айтарлықтай арттыру үшін теңіздің су балансының компоненттеріне — бір жағынан, өзен ағысы мен атмосфералық жауын-шашынға, екінші жағынан, булануға қатысты бағалауларды нақтылау қажет. Ол үшін акватория мен теңізге құятын өзендердің (ең алдымен, Еділ мен Жайықтың) Атырау аймақтарында бақылауды егжей-тегжейлі жүргізу қажет. Себебі бұл аймақтардағы су шығыны - су балансының маңызды бөлігі, алайда олар әлі күнге дейін нақты анықталмаған.
Сонымен қатар, теңіз деңгейінің болашақтағы өзгерісінің ықтимал амплитудасын, өткен кезеңдерде теңіз деңгейінің қазіргі климаттық жағдайларға ұқсас (квазитабиғи немесе жаһандық жылынудың жалғасуы жағдайында болжанып отырған) кезеңдердегі төмендеуі мен көтерілуінің шектерін ескере отырып бағалауға болады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда Каспий теңізінің тартылуына ерекше тоқталып, бұл түйткілді шешу үшін Каспий маңы мемлекеттері арасында бірлескен бағдарлама жасауды тапсырды. Сіз бұған не дейсіз?
— Каспийдің экожүйесіне төніп тұрған қауіп — бүкіл өңірге ортақ проблема. Президент Каспий маңы елдері ғалымдарының бірлесе жұмыс істеуін жандандыру қажеттігін айтты. Арнайы мемлекетаралық бағдарламаның аясында бірлескен ғылыми-зерттеу жандана түсері анық. Ғалымдар мен сарапшылардың күшін біріктіріп, теңіздің болашағын сақтау баршамыздың міндетіміз.
Тағы бір қуантарлық жағдай, Ақтауда «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» ашылды. 28 тамыз күні Есенов университетінің президент-ректоры Берік Ахметов аталған ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Серік Ахметовпен кездесу өткізіп, алда бірлесе атқаратын жұмысты талқылады.
— Самал Сырлыбекқызы, сіздің ойыңызша алда қандай зерттеулер жүргізілуі қажет?
— Теңіз деңгейінің динамикасын дәл болжау қиын. Болжамдардың нақтылығын арттыру үшін теңізге келіп құятын өзендердің (Еділ, Жайық және т. б.) Атырау аймақтарындағы бақылауын нақтылау қажет. Сонымен қатар, жаһандық жылыну жағдайында теңіз деңгейінің ықтимал амплитудасын болжауға мүмкіндік беретін климаттық модельдеу қажет.
Булану мөлшері эмпирикалық формулалар арқылы есептеледі. Дегенмен, бұл есептеулердің дәлдігін дельта аймақтарында және ашық су айдындарында арнайы экспедициялық өлшеулер арқылы арттыруға болады. Ең қарқынды булану солтүстік Каспийде жаз айларында байқалады.
Теңіз ішіндегі айналым мен солтүстік және оңтүстік бөліктер арасындағы су алмасу процестерін зерттеу қажет. Теңіз деңгейінің қысқа мерзімдегі өзгергіштігін зерттеу үшін жоғары ажыратымдылықтағы деректер мен қысым датчиктері орнатылған стационарлық станциялар қажет. Қазіргі таңда Каспийде небәрі 100 метеостанция бар (салыстырмалы түрде басқа су айдындарында 1200-1400).
Бұған дейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің мүшкіл халі экологиялық апатқа ұласуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамытуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді.