Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнынан су сынамасы алынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнында мұнай төгілгені туралы дерек расталмады. Алайда экологтар теңіз суынан сынама алды. 

Фото: kmg.kz

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, 2 сәуірде арнайы топ әуеден шолу жүргізді.

«Әлеуметтік желіде жарияланған Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнының аумағында мұнайдың төгілу фактісі расталған жоқ. Құрамына Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермеков, департаменттің зертхана маманы Баубек Әлдешов және Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Нұрлан Әлиев енген бірлескен топ Каспий теңізіне тексеру жүргізді. Департаменттің зертхана маманы теңіз суы сынамалар алды. Қазір сынамаға талдау жұмысы жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, кеше Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнында мұнай төгілуі мүмкін екенін хабарлаған едік. 

Атыраудағы «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының төрайымы Галина Чернова Каспий теңізінде мұнайдың төгілгені туралы хабарлады. Ол бұл деректі еуропалық Sentinel-1A спутнигінің 30 наурыздағы радарлық суретіне сүйеніп, әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді.

«Осы ғарыштық мониторингті жүзеге асыратын топтың айтуынша, радарлық суретте қазақстандық учаскедегі «Қашаған» кен орны маңында мұнайдың төгілгені бейнеленген. Оның мынадай себептері болуы мүмкін. Біріншіден, өндіру кезінде мұнайдың кездейсоқ немесе апатты жағдайда төгілуі, екіншіден, сақтау және кәдеге жарату үшiн құрлыққа тасымалдануы тиiс мұнай өнiмдерi бар өнеркәсiптiк судың ағуы, үшіншіден, кемелерде төтенше жағдай болуы мүмкін», - дейді Галина Чернова.

Сондай-ақ «Қашағанда» мұнай төгілгені расталса, жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін жазған болатынбыз. Ал, бүгін «Қашаған» кен орнында мұнайдың төгілгені анықталмағанын хабарладық.