АҚТАУ. KAZINFORM – Дүниежүзілік банк Каспий теңізіне қатысты ірі экологиялық жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Бұл мәліметті Ақтауда орналасқан Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының басшысы Серік Ахметов растады.
Әзербайжан, Қазақстан және Түрікменстан елдерінің «Каспийді көгалдандыру» деп аталатын жобасы теңіздің ластануымен күресіп, биоалуантүрлілікті қорғауға бағытталған. Ғаламдық экологиялық қор осы жобаны жүзеге асыру үшін 11,74 млн доллар көлемінде грант бөлетін болды.
Тағы 8,24 млн доллар қосымша қарастырылмақ.
Сондай-ақ, жобаны дайындауға 183 мың доллар көлемінде грант бөлу жоспарланған.
Бұл бастама өңір елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға және Тегеран конвенциясы аясындағы міндеттемелерді орындауға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Үкіметі Каспий теңізін зерттеу және сақтау үшін 1,1 млрд теңге бөлгенін жазған болатынбыз.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.