Каспий теңізінің аумағы 36 мың шаршы шақырымға азайған
АҚТАУ. KAZINFORM — 2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша, Қазақстандағы Каспий теңізінің орташа деңгейі — 29,31 метрге жетіп, 18 жылда ауданы 36 мың шаршы шақырымға азайған. Теңіздің таяздануының экологиялық және экономикалық зардабы қандай? Kazіnform тілшісі сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Қазгидромет берген мәліметке сүйенсек, биыл қыркүйекте қазақстандық бақылау стансалары теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде орташа деңгей — 29,15 метр, шығыс бөлігінде — 29,46 метр екенін тіркеген.
Жалпы Қазақстан бойынша орташа деңгей — 29,31 метр. Өткен жылмен салыстырғанда теңіз деңгейі солтүстік-шығыс бөлігінде — 20 см, шығыс бөлігінде — 17 см-ге төмендеген.
Мониторинг теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде — Пешной және Құлалы аралы стансалары мен бекеттерінде, ал шығыс бөлігінде Форт-Шевченко, Ақтау және Фетисово стансаларында жасалған.
— Деңгейдің төмендеуінен теңіз бетінің ауданы қысқарды. Негізінен солтүстік-шығыс бөлігі таязданып барады. Ресейдің Мемлекеттік океанография институтының деректеріне сенсек, 2006 жылдан 2024 жылға дейін теңіз бетінің ауданы 36,6 мың шаршы шақырымға, яғни 392,3 мың шаршы шақырымнан 355,7 мың шаршы шақырымға дейін қысқарған. 2006 жылдан 2024 жылға дейін Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігінде деңгей — 2,13 метрге төмендеген (–27,07 м-ден — 29,20 м-ге дейін), — делінген Қазгидромет берген ақпаратта.
Осыған байланысты Каспий теңізінің таяз солтүстік-шығыс бөлігі қатты тартылып барады. Қазақстан аумағында жағалау сызығының шегінуі кей жерлерде 30-35 шақырымға дейін жеткен.
Ең осал аймақтар — Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігі, Жайық өзенінің атырауы және Маңғыстау облысының жағалауы.
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының тұрғыны, Qazaq Balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының аймақтық филиалының директоры Данияр Әкімжановтың айтуынша, теңіздің таяздануынан жағалауда орналасқан жергілікті тұрғындар зардап шеге бастады.
Балықшылардың балық аулайтын мекендерінде су тартылып, кей жерлер мүлде құрғап кеткен. Әсіhесе Қаражанбас, Бозашы жағалаулары құрғап қалды.
— Теңіздің тартылуынан балықтың бірнеше түрі миграциясын ауыстырды. Жағалаудан кетіп қалды. Каспийдің ең таяз тұсы — Қазақстан аумағы. Экономикалық жағынан да қазір қиындық туындап жатыр. Кеме тоқтайтын, жүк тасымалдайтын жағалауға кіріп-шығу қиындады. Мысалы, Қашаған кен орнына бару жолдарын тереңдету жұмыстары жүргізілмек. Ал, бұл балықтардың көбею ортасына тікелей әсер етеді. Олар миграция ауыстырады. Біздер қоғамдық тыңдауда айттық, солтүстік Каспий «жем базасы» деп аталады. Түбін тереңдетудің әсері орасан болады. Салдарынан өлексе көбейеді. Су құстары, балықтар мен итбалықтар онсыз да қырылып жатыр, — дейді Qazaq Balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Данияр Әкімжанов.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Ақтауда Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылған болатын. Аталған институттың басшысы Серік Ахметовтың айтуынша, алдағы уақытта Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы, таязданудың теңіз экожүйесіне, флорасы мен фаунасына әсері, ихтиофаунасы, итбалықтардың жаппай қырылу себептері зерттеледі.
Биоресурстар мен балық қорларын сақтау әдістері мен технологиялары әзірленеді. Сонымен қатар, климаттық өзгерістерді талдап, олардың Каспий теңізінің экожүйесі мен биоәртүрлілігіне әсерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізу жоспарда.
Институтта климатолог-мамандар, гидрологтар, океанологтар, гидрохимиктер мен гидробиологтар жұмыс істейтін болады. Алайда, аталған мамандықтар бойынша әсіресе океанология және теңіз гидробиологиясы саласындағы мамандар тапшылығы өткір тұр.
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің PHD докторы, профессор Самал Сырлыбекқызы Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты басшылығы тарапынан жоғары оқу орнының базасында «Океанология» және «Гидробиология» мамандықтары бойынша магистрлер даярлауға ұсыныс түскенін жеткізді.
— Аталған мамандықтар бойынша магистратура ашуға бізге хат келді. Біз гидробиология мен океанологияны бірге ашуды жоспарлап отырмыз. Келесі оқу жылында ашу үшін құжаттары әзірленіп жатыр, — дейді Самал Сырлыбекқызы.
Ал, ECOJER қауымдастығы аймақтық эко-кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов «Каспий — менің теңізім» қоғамдық бастамасының тұжырымдамасын жасап шыққан.
Оның айтуынша, Каспий теңізі жаппай ластанудың, ресурстарды өнеркәсіптік ауқымда пайдаланудың және су деңгейінің төмендеуі салдарынан құрып барады.
Бұл дағдарыс теңіздің экожүйесіне, тірі организмдеріне және бес елдегі миллиондаған адамның болашағына қауіп төндіріп, салдары жаһандық ауқымда сезілуі ықтимал.
Оның сөзінше, нақты шешімдер қабылданбаса, Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін.
— «Каспий — менің теңізім» қоғамдық бастамасын Каспий маңы өңірінің әрбір елінде — Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанда ерікті түрде іске асыру көзделген. Бұны Каспий теңізі экожүйесінің жақсаруын қалайтын қауымдастықтардың, белсенділер мен қорғаушылардың бірлігі, коалициясы деп айтуға болады. Бұл — өмірлік маңызды ресурстарды қорғауға, бүкіл Каспий аймағындағы қауымдастықтар мен мүдделі тараптардың дауысын күшейтетін әрекетке шақыру, — дейді ол.
Табиғат жанашыры «Каспий — менің теңізім» қоғамдық бастамасы арқылы «Каспий теңізін сақтаймыз» жаһандық қозғалысын жергілікті деңгейде дамытуды, Каспий теңізін қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция (Тегеран конвенциясы) ережелерінің Каспий маңы өңірінің әрбір елінде іске асырылуына ықпал етуді көздейді.
— Егер 5 елде де осындай бастама көтеріліп, әр адамда «Каспий — менің теңізім» деген жанашырлық болса, нәтижеге жетеміз. Тағы бір ұсынысым, біз «12 тамыз — халықаралық Каспий күнін» тамыз айында оқушылар, студенттер каникулда, ел-жұрт демалыста жүргенде атап өтеміз. Нәтиже беру үшін ауқымды деңгейде өткізіп, Каспийдің мәселесін кеңінен айта беруіміз қажет. Сондықтан оны 25 қыркүйек — дүниежүзілік теңіз күніне ауыстыруды ұсынамын. Бұл тек Қазақстан емес, бүкіл 5 мемлекетке де тиімді болар еді, — дейді Әділбек Қозыбақов.
Бұған дейін, Маңғыстауда Каспийдің тайыздануына байланысты су алу арнасын тереңдету жоспарланғанын жазған болатынбыз.