Каспий теңізінің таяздануынан Ақтаудағы су арналары тартылып қалған
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «МАЭК» ЖШС қарасты су арналарын тереңдету жұмыстары басталды.
Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Еркінбек Жауқанның айтуынша, арналарды тереңдету жұмыстары қаңтар айына дейін жалғасады.
— Қаланы тұрақты ауыз су және электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Ақтау қаласы әкімдігі мен мердігер мекеме арасында келісімшарт жасақталды. «МАЭК» серіктестігінің су каналын тереңдету жұмыстары 2025 жылдың қаңтар айына дейін жүргізіледі. Жұмыс жүргізіліп жатқан аумақтың жалпы ұзындығы шамамен 560 метр, ені орта есеппен 20 метрді құрайды, — дейді ол.
Мердігер компанияның техникалық директоры Алексей Катиннің мәліметінше, осы су арнасы арқылы «МАЭК» ЖШС-нің жылу электр орталығына су жеткізіледі.
— Біз бұл учаскеде каналдың тереңдігін кем дегенде 3 метрге жеткізуіміз керек. Қазіргі уақытта жұмыстарды орындау үшін үш экскаватор жұмылдырылған. Олардың біреуі 18 метрлік ұзын жабдықпен жабдықталған. Сонымен қатар, технологиялық жолды дайындау үшін стандартты жабдықтары бар техника қолданылуда. Қазіргі таңда жер қазу көлемі шамамен 5000 шаршы метрді құрайды. Келісімшарт аясында біз 23 515 шаршы метр топырақ үйіндісін шығаруымыз керек, — деді мердігер компанияның техникалық директоры Алексей Гатин.
Бұған дейін, Маңғыстауда балалар арасында туберкулез ауруы көбейгенін жазған болатынбыз.