Каспий жағалауынан 117 өлі итбалық табылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясымен 20-21 мамыр аралығында Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласының «Асан», «Баутин көсесі», «Үрдік мүйісі» жерлеріне рейд жүргізу кезінде Каспий жағалауынан 117 өлі итбалық табылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің мәлімдеуінше, табылған теңіз жануарларының денелері қатты ыдыраған. Осыған байланысты сынамалар алу мүмкін болмады. Табылған итбалықтар былтыр қараша-желтоқсан айларында өлген деген болжам жасалып отыр.
Бекітілген іс-шара алгоритмі бойынша бұл жағдай барлық құзырлы мемлекеттік органға хабарланды.
– Түпқараған ауданының Баутин ауылының әкімдігі қызметкерлері, Түпқараған ауданының полиция бөлімі және балық шаруашылығы қауымдастығының Маңғыстау облысы филиалымен теңіз жағалауынан 5 шақырым қашықтықта жатқан итбалықтардың өлекселері жиналып, полигонда санитарлық нормаларды сақтай отырып, жойылды. Қазір теңіз жағалауының бойында мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген Комитет хабарламасында.
Жалпы, бүгінгі күнге былтыр қараша айынан жиналып, жойылған итбалықтар саны 2 194-ға жетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда Ақшұқыр ауылы жағалауынан 70-ке жуық итбалықтың өлексесі табылғанын жазған едік.