Каспий жағалауында 450 гектарды шарпыған қамыс өрті сөндірілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында қамыс өртенген еді. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, Бүгін түнде қамыс өрті сөндірілгенін хабарлады.
Қамыс өрті 1 мамырда кешкі сағат 18:30 шамасында анықталған. Жалын Атырау қаласының маңындағы Тасқала ауылынан 40 шақырым қашықтықта тұтанған.
Алайда қамыс өскен аумақты шарпыған жалынды сөндіруге бірнеше жайт кедергі келтірген.
Біріншіден, қатты желдің салдарынан өрт шамамен 450 гектар аумаққа жайылған.
Екіншіден, қамыс 2-2,5 метр биіктікте әрі қалың өскен. Үшіншіден, жалын батпақ пен су бар аумақты шарпыған. Осындай себептер өрт сөндірушілер мен арнайы көліктердің жалынға жақындауын қиындатқан.
Өртті сөндіруге 101 адам, 21 техника тартылған. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінен 76 қызметкер, 12 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 25 адам, 9 техника бар.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында тағы да қамыс өртеніп жатқанын жазған болатынбыз.
Кейін қатты желдің салдарынан Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы ұлғайғанын хабарлаған едік.