Каспий жағалауы туризміне 360 млн доллардан астам инвестиция тартылады - Премьер

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында қолайлы туристік климат орнатуға 360 млн АҚШ долларынан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов II Каспий экономикалық форумында сөйлеген сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Әлихан Смайылов өңір елдерін туризм саласындағы бірлескен қадамдарды белсенді іске асыруға шақырды. Бұл – аралас турларды іске қосу, круиздік туризмді дамыту және визалық-көші-қон режимдерін жолға қою жөнінде шаралар қабылдау.

«Қазақстан үкіметі Каспий жағалауында қолайлы туристік климат орнату бойынша шаралар қабылдап жатыр. 2025 жылға қарай құны 360 миллион доллардан асатын 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деді ол.

Премьер-Министр Каспий теңізі бассейні елдері арасында тиісті келісім дайындау – өңірлік туризмді дамытудың шешуші қадамы болғанын айтты.

«Осы келісімге тезірек қол қою жұмысын жеделдетуді ұсынамыз», – деді Ә. Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің айтуынша, аймақ елдерінің өзара әрекеттесуінде экология мәселесі де маңызды рөл атқарады.

«Біздің елдеріміз үшін экологиялық тепе-теңдікті сақтау – ең маңызды міндет. Теңіздің экологиялық проблемалары оның биологиялық ресурстарының сарқылуымен, шикізатты өндіру және жүктерді тасымалдау нәтижесінде айтарлықтай ластану қаупімен байланысты. Осы орайда, Каспий экологиялық бағдарламасын қайта бастауды қолдауға шақырамыз», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы теңіздің биологиялық ресурстарына заңсыз қол сұғумен күрес саласындағы әріптестік туралы ортақ хаттама қабылдау жұмысын да аяқтау қажеттігін атап өтті.