Каспий жағалауында 18 гектарда қамыс әлі бықсып жатыр

Фото: Видеодан алынған кадр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий жағалауындағы 18 гектарда қамыс әлі бықсып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, қамыс өртіне әлсін-әлсін аэровизуалды тексеру жүргізілген.

«Аэровизуалды тексеру жүргізілгеннен кейін өртті әуе және жерүсті тәсілімен сөндіруге шешім қабылданды. Соның нәтижесінде өрт шарпыған қамыстың аумағы 18 гектарға дейін азайды. Қазір аталған аумақта қамыс бықсып жатыр. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағымен өртенген қамысқа 106 рет су төгу жұмысы жүзеге асырылды. Төгілген судың жалпы көлемі шамамен 300 тоннаны құрайды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Қамыс өртін сөндіру әлі жалғасып жатыр. Жалынды ауыздықтауға Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 100-ге жуық адам, 20-дан астам техника жұмылдырылды.

Еске сала кетелік, Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс 6 шілдеден бері жанып жатыр.

Қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартылды.

Сондай-ақ, бұған дейін Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртіне тікұшақпен 162 тонна су төгілгенін, қамыс өртінің аумағы 690 гектарға жеткенін жазған болатынбыз.

Ал, бүгін Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 830 гектарға жетті.

Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына арнайы техника сатып алуға республикалық бюджеттен 285 млн теңге бөлінген.

Ал, Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментіне 30 негізгі және арнайы техника сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1, 5 млрд теңге қаралған.