Каспий жағалауында 7 күнге созылған қамыс өрті сөндірілді
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 13 шілдеде сағат 16:00-де қамыс өрті сөндірілген.
«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыш мониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ақпаратына сәйкес, қамыс өртінің жалпы ауданы 910 га болған. Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы мен аумақтың сулы, батпақты жерінде қалың өскен қамыс өртін тез сөндіруге кедергі келтірген.
Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті 6 шілдеде анықталған. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметінше, қамыс өрті Атырау қаласындағы Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта тіркелген.
«6 шілдеде сағат 20:00 де өртті анықтау және бақылау үшін №13 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкер, 1 техника, №4 өрт сөндіру бөлімінен 1 қызметкер, 1 техника, жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен 7 қызметкер жіберілді», - деп хабарлады Асқат Ержанов.
Ал, 7 шілдеде сағат 21:00-дегі мәліметке сәйкес қамыс өсімдіктерінің жану аумағы 20 гектар болды. Сол күні Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартуға шешім қабылданған.
«Теңіз жағалауындағы өрт ошақтарын сөндіру үшін Қызылорда қаласынан су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын тарту жоспарланып отыр. Өрт ошағының одан әрі тарауын болдырмау үшін айналасындағы жерді жыртуға соқасы бар К-700 тракторы тартылады», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Төтешеліктер 9 шілдеде Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 830 гектарға жеткенін хабарлады. Сол күні облыс әкімі Серік Шәпкенов тікұшақпен қамыс өртіне әуеден барлау жүргізді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына арнайы техника сатып алуға республикалық бюджеттен 285 млн теңге бөлінген. Ал, Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментіне 30 техника сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралған.
«Қамыс өртін сөндіру үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 80 адам мен 14 техника, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері тікұшақпен 167 рет 500 тоннадан астам су төгілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.