Каспий жағалауындағы қамыс өрті 450 гектарға жайылды

Фото: Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий жағалауындағы қамыс өрті 450 гектарға жайылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, жағалаудағы қамыс өртінің аумағы ұлғайған.

«Бүгін, 8 шілдеде сағат 13:00-дегі жағдай бойынша қамыс өсімдіктерінің жану аумағы 450 гектар болды. Оның ішінде 50 гектары ашық отпен жанып жатыр. Қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 38 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылармен бірге жалынды ауыздықтауға «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 28 қызметкер және 9 техника, 4 мотопомпа тартылды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Каспий жағалауында тағы қамыс өртеніп жатқанын жазған болатынбыз.

Кейін Атырау облысында Каспий жағалауындағы 5 гектарда қамыс өртінің 5 ошағы анықталғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартылатыны айтылды. Кеше, 7 шілдеде сағат 21:00-де қамыс өртінің аумағы 20 гектар болды. Жағалаудағы қамыс өртін сөндіру сағат 9:00-де басталды. Кешке дейін шамамен 5 гектар аумақтағы қамыс өрті сөндірілген.

«Қамыс өртін сөндіруге жағалаудың сулы-батпақты болғаны қиындық келтіріп отыр. Сол себептен, 8 шілдеде теңіз жағалауындағы өрт ошақтарын сөндіру үшін Қызылорда қаласынан су төгетін құрылғысы орнатылған МИ-8 тікұшағын тарту жоспарланған. Өрт ошағының одан әрі тарауын болдырмау үшін айналасындағы жерді жыртуға соқасы бар К-700 тракторы тартылады», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.