Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартылады
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 7 шілдеде кешкі сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қамыс өсімдіктерінің жану аумағы 20 гектарды құрайды.
«Қамыс өртін сөөндіру таңертеңгі сағат 9:00-де басталды. Кешке дейін төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиға резерватының 71 қызметкері 15 техника, 2 мотопомпамен шамамен 5 гектар аумақтағы қамыс өртін сөндірді. Қамыс өртін сөндіруге жағалаудың сулы-батпақты болғаны қиындық келтіруде. Сол себептен, 8 шілдеде теңіз жағалауындағы өрт ошақтарын сөндіру үшін Қызылорда қаласынан су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын тарту жоспарланып отыр. Өрт ошағының одан әрі тарауын болдырмау үшін айналасындағы жерді жыртуға соқасы бар К-700 тракторы тартылады», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетелік, Атырау облысында Каспий жағалауында тағы қамыс өртеніп жатқанын хабарлаған едік.
Кейін Атырау облысында Каспий жағалауындағы 5 гектарда қамыс өртінің 5 ошағы анықталғанын жазған болатынбыз.
Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті 6 шілдеде кешкі сағат 20:00 шамасында белгілі болған.
Өрт Атырау қаласының іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта тұтанған.
Ал, 7 шілдеде «Қазавиаспас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағымен Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртіне әуеден барлау жүргізілді.
Сол кезде шамамен 5 гектарды аумақты құрайтын 5 жану ошағы анықталды.