Каспий жағалауындағы қамыс өртіне тікұшақпен 60 тоннаға жуық су төгілді

Фото: Видеодан алынған кадр/facebook.com/qrtjm
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіру үшін тікұшақпен 60 тоннаға жуық су төгілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 8 шілдеде теңіз жағалауындағы қамыс өртіне аэровизуалды тексеру жүргізілген.

«Каспий теңізінің жағалауына аэровизуалды тексеру жүргізілгеннен кейін қамыс өртін сөндіру үшін тікұшақпен су төгуге шешім қабылданды Бүгін, 8 шілдеде жағалаудың сулы-батпақты бөлігіндегі қамыс өртінің аумағы 450 гектарға жетті. Жергілікті уақытпен сағат 18.00-ге дейін МИ-8 тікұшағының СТҚ-5 қондырғысымен қамыс өртіне 60 тоннаға жуық су төгілді. Соның нәтижесінде жалын шарпыған аумақ 40 гектарға азайғаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Қазір қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 38 өрт сөндіруші, 12 техника тартылған. Ал, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 28 қызметкер 9 техникамен көмекке келген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Каспий жағалауындағы қамыс өрті 450 гектарға жайылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартылатынын хабарлаған едік.

Теңіз жағалауындағы өрт ошақтарын сөндіру үшін Қызылорда қаласынан су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын тартуға шешім қабылданған. Өйткені, сулы, батпақты жердегі өрт ошағына өзге техникалардың жетуі қиын. Сондай-ақ, өртті одан әрі таратпау үшін айналасындағы жерді жыртуға соқасы бар К-700 тракторы тарту жоспарланған.