Каспийді тереңдету жұмысы келесі жылы басталатын болды
АҚТАУ. KAZINFORM — Каспий теңізінде су деңгейінің жылдан-жылға төмендеп жатқаны белгілі. Бұл Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының каналы арқылы жеткізілетін су мөлшерінің азаюына әкеліп отыр.
Өңірдегі өндіріс аймақтары мен тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз ететін комбинат қызметі шектеліп, Ақтаудағы тұрғын үйлерді ауыз сумен және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмау қаупі туындады. Осыған байланысты, қала әкімдігі 2023 жылы жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған еді. Келер жылы Каспий теңізін тереңдету жұмыстары басталмақ.
— Аталған мәселе бойынша Ақтау қаласының әкімдігі каналды тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін жоба жасақтаушы мекемені анықтап, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бұл жұмыстар 2026 жылы басталып, 2 кезеңде жүзеге аспақ, — деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов бүгін өткен тұрғындармен кездесінуде.
Бұдан бұрын Маңғыстауда Каспийдің тайыздануына байланысты су алу арнасы тереңдетілетінін жазғанбыз.