Каспийде әскери теңізшілер әуе және суасты қатерлеріне қарсы жаттығу өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Каспий теңізі секторында Әскери-теңіз күштерінің «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы өтті. Оған Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлері, гидрографиялық кемелері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің кемелері және Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы қатысты.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери маневрлер барысында әскери қызметшілер бірлескен маневр жасау, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ базалық пунктте және қорғалмаған рейдте асимметриялық қатерлерге тойтарыс беру іс-қимылдарын пысықтады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Бұл оқу-жаттығу Әскери-теңіз күштерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Ол командирлердің практикалық даярлығын және жеке құрамның теңізде әрекет ету машығын жетілдіруге, сондай-ақ жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру кезінде басқару органдарының өзара іс-қимылын арттыруға бағытталған. Әртүрлі жағдайда әскери теңізшілер экипаждардың өзара іс-қимылын және нысаналарды анықтау мен жоюдың заманауи құралдарын қолдануды пысықтады, — деді Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу-жаттығуда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және оларға қарсы іс-қимыл жасауға ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер суасты диверсиясына қарсы қорғаныс, әуе шабуылы құралдарын анықтау және әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыру бойынша іс-қимылдарды пысықтады.

«Хазар Қорғаны — 2026» әскери-теңіз оқу-жаттығуы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, бөлімшелердің өзара іс-қимылын күшейту және жеке құрамның елдің теңіз шептерін қорғау міндеттерін орындауға әзірлігін арттыру бағытындағы кезекті кезең болды.

Бұған дейін Қазақстанның Каспий теңізі секторында Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы оқу-жаттығулары өткен болатын.