Каспийде экологиялық талдау базасын құру қажет - Нұрғали Әшімов

None
АТЫРАУ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Каспийде бақылау мемлекеттің қолында болатын экологиялық талдау базасын құру қажет.

Бұл туралы бүгін Үкімет басшысының қатысуымен Атырау облысының мұнай өндіруші компанияларының басшыларымен болған жиналыста ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов хабарлады.

Оның айтуынша, бұндай базаны Каспийде мұнай өндірілмей тұрып құрылуының қажеттілігі Мексика шығанағындағы төтенше жағдайдан кейін әсіресе көкейкесті болып отыр. Қазіргі күні «Қазгидрометте» мұнай операцияларына ұдайы бақылау жасап отыру үшін қажетті кемелер де, құрал-жабдықтар да жоқтың қасы.

«Біз мұнай компанияларына осындай базаны құру туралы кеңес беріп отырмыз. Олар солардың меншігінде, бірақ «Қазгидрометтің» басқаруында болады», - деді Н.Әшімов.

Премьер-Министр бұл ұсынысты қолдап, осы мәселе бойынша алдағы аптада Үкіметте арнайы кеңес өткізуді тапсырды.

Тағы бір кеңес Каспий теңізінің суларымен шайылып, құрдымға кеткен ескі мұнай өндіру скважиналарының проблемасына қатысты болып отыр. Олардың саны қазіргі күні шамамен 2 мыңға жуық. Елімізде осындай қауіпті скважиналарды жою туралы арнайы бағдарлама да бар, бірақ олар қаржының жетімсіздігінен мардымсыз жүзеге асырылуда.