Каспийде Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңіз күштері жаттығып жатыр

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM — «Каспий самалы — 2025» жаттығуы Каспий теңізінің қазақстандық секторында өтіп жатыр. Оған екі елден 300-ге жуық әскери қызметші қатысып жатыр.

Жауынгерлер радиобайланыс жаттығуларымен қатар, бірлескен маневрлар жасап, іздестіру-құтқару жұмыстарын пысықтады. Сонымен қатар, суасты-диверсия, катерлер мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағытында бірқатар тапсырма орындады.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, бас штаб бастығы бірінші ранг капитаны Қанат Ниязбековтің айтуынша, Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен жаттығулардың маңызы зор. 

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Жаттығу аясында өзара іс-қимылды күшейту, әскери-теңіз күштері арасындағы байланыс пен үйлесімділікті нығайту, жеке құрамның кәсіби шеберлігін арттыру сынды міндеттер қамтылды. Екі елдің әскери-теңіз күштері тәжірибе алмасып, жалпы жаттығу кезінде 8 эпизод бойынша даярлығын шыңдады. Осылайша халықаралық ынтымақтастықты нығайтып жатырмыз, — дейді бас штаб бастығы Қанат Ниязбеков.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Әскери теңізшілер судағы және әуедегі нысаналарға дәлдеп оқ атып, су бетінде жүзіп жүрген миналарды жою операциясын да сәтті өткізді.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Қазақстан тарапынан жаттығуға «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемелері, жауынгерлік катерлер, гидрографиялық кемелер мен авиация қатысып жатыр. Ал, Әзербайжан әскери-теңіз күштері «G-122», «G-124» күзет кемелері мен «G-129» көмекші кемесін жұмылдырды. 

Бұған дейін, Ақтаулық сүңгуірдің теңіз түбін қоқыстан тазалағаны туралы жазған болатынбыз.