2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийдегі оқу-жаттығу барысында қаза тапқан 4 сарбаз ісіне қатысты үкім шықты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда Ақтау гарнизондық әскери сотының төрағасы Марат Алдабергенов 2015 жылы Каспийдегі оқу-жаттығу барысында қаза тапқан 4 сарбаз ісіне қатысты үкім шығарды.

Сотқа 6 адам келді: №25744 әскери бөлімінің командирі Ерболат Толықбаев, №25744 әскери бөлімінің командирінің техникалық және қаруландыру бойынша орынбасары Рашид Жылқайдаров, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы Мұрат Нұғыманов, әскери машина жүргізушісі және бөлімше бастығы Абай Баймұратов, ТЖ кезіндегі әскери машина командирі және бөлімше бастығы Ерасыл Көбеген, №25744 әскери бөлімінің взвод командирі, аға лейтенант Бауыржан Төлегенов. Олардың барлығына ҚР ҚК 453-і «Қызметке салғырт қарау» бабының әр түрлі тармағы бойынша жазаға тартылды.

«Толықбаев, Жылқайдаров және Нұғыманов  ҚР ҚК 453-бабының 2-тармағы мен 55-бабы бойынша колонияда жазасын өтеу арқылы 2,5 жыл бас бостандығынан айырылды. Баймұратов колонияда жазасын өтеу арқылы 1,5 жылға кесілді. Көбеген мен Төлегенов аталған баптың 1-ші тармақшасы бойынша айыпталып, 6 айға пробациялық бақылау белгілеу арқылы шартты жазаға тартылды», - деді М.Алдабергенов.

Еске сала кетейік, оқу-жаттығу барысында Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан әскерге шақыртылған 19 жастағы Бауыржан Жолдыбай, онымен жасты Атырау облысы Құлсары ауданының тумасы Асылжан Махамбетов, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан шақыртылған 23 жасар Замир Әділов және Атырау облысы  Мақат ауылынан келіп әскери борышын өтеп жүрген 19 жасар Бағытжан Қалыбай қаза тапты. Сондай-ақ, судьяның айтуынша, сот барысында зардап шеккендердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сотталушылар әр отбасыға 2,5 млн теңге төлейтін болады.