Каспийдің құқықтық мәртебесі қашан айқындалады - «Егемен Қазақстанға» шолу

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА «Егемен Қазақстан» газетінің 23 қарашадағы санында жарияланған мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің №226 саны бірқатар мазмұнды мақалаларымен оқырман назарын өзіне аударады. Мәселен, газеттің бас мақаласы ретінде берілген «Күнгейде күнде той...» атты Ғалымжан Елшібайдың жазбасы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі той ұйымдастыру шарасының дәстүрден дарақылыққа ұласып бара жатқанын нақты деректер арқылы қозғайды.

 Сондай-ақ, Әлисұлтан Құланбайдың «Қарт Каспийдің құқықтық мәртебесі қашан айқындалады?» тақырыбындағы сараптамасы құрлықтың дәл ортасында жатқан Каспий қазаншұңқырындағы табиғи ресурстар мен геосаяси шекаралық бөліністерде әлі де толғақты мәселелер бар екенін көрсетеді. Яғни, бір кездері Кеңес Одағы мен Иран елдерінің арасында ғана жатқан Каспийде қазір бес бірдей мемлекеттің саяси-экономикалық мүддесі тоқайласып отыр.

Көрнекті қаламгер Жанболат Аупбаев «Партизан қызы» атты эссесінде майдангер жазушы Әди Шәріповтің осы аттас повесіне арқау болған партизан  Жылбек Ақәділов пен оның отбасының Ұлы Отан соғысы жылдарында бастан кешкен хикаялары мен бейбіт өмірдегі тұрмыс-тіршілігінің қалай жалғасқанын журналистік зерттеу нысанына айналдырып, жүрек тебірентер өмір орамдарына бойлатады.

Соңғы кездерде спорт жанкүйерлерінің арасында қызу талқыға арқау болып жүрген қазақ күресінің еліміздегі даму үрдістеріне байланысты «Қазақстан барысы» жобасының жетекшісі Арман Шораевтың Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының жұмысына қатысты ащы сыни пікірлері өзек болған мақаласын да газеттің осы санынан оқи аласыздар.

 

Соңғы жаңалықтар