Каспийдің ең әдемі жағажайларының бірі қоқыс алаңына айналды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысының тұрғындары Каспий теңізінің жағалауындағы ең әдемі жерлердің бірі – «Көк шығанақ» жағажайындағы қоқысқа шағымданды.
Тұрғындар түсірген бейнежазбада жағалаудағы қоқыстың көптен жиналмағаны байқалады. Өйткені контейнердің маңы қоқыс пакеттерге толып кеткен. Одан бөлек жағалауда бос бөтелкелер мен азық-түлік қалдықтар шашылып жатыр. Ал Түпқараған ауданының әкімдігі аталған жағажайды күнде тазалайтындарын жеткізді. Сондай-ақ, бұдан былай полиция қызметкерлері кезекшілік жүргізіп, теңіз жағасын ластағандарға айыппұл салынбақ.
«Көк шығанақ» - Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласынан 70 шақырым, Сайын-Шапағатов елді мекенінен 40 шақырымдай жерде шалғайда орналасқан. Аталған жер суға түсуге рұқсат етілмеген аймаққа жатады. Тұрғындар мен қонақтар үшін Сайын-Шапағатов әкімдігі аймақтың кіре берісіне билборд орналастырған. Сондай-ақ, жағалау коммуналдық жағажай болмағандықтан тазалығын күтіп-ұстауға арнайы қаражат қарастырылмаған.
«Көк шығанақ» теңіз жағалауы тиым салынған жер бола тұрғанына қарамастан жаз мезгілінде жан-жақтан келетін демалушылар саны өте көп. Олар көбіне тазалық сақтамай, қоқыс тастап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Түпқараған аудан әкімдігі 21 тамыз күні тазалық жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта патрульдік полиция кезекшілік ұйымдастырып, айыппұл салуды және жазғы уақытта теңіз жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлуді қарастырып отырмыз. Бұлар қысқа мерзімді іс- шаралар, ал ұзақ мерзімді іс -шара ретінде инвестициялық жоба туризм саласында жасақталғаны жөн. Аумақтың иесі болған кезде ғана тәртіп сақталады. Тұрғындар мен қонақтардан жауапкершілік сақтауды сұраймыз. Біз тазалық мәдениетін қалыптастыруымыз қажет», - деді аудан әкімдігінің қызметкерлері.