Кәсіпкер, 5 баланың анасы: Әр ауылда қой жүнінен көрпе, жастық тігетін шағын орындар болғаны дұрыс
ОРАЛ. KAZINFORM — Ауылдарда қой жүнінің босқа рәсуа болып жататыны жөнінде жиі айтылады. Осы орайда қой жүнін қадеге жаратудың жолдары қандай? Міне, осы орайда Оралда өткізілген «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» тұңғыш халықаралық форумына қатысқан Ақмола облысы Ақкөл ауданы Еңбек ауылының тұрғыны, «Нұрғалиева Ж.Б.» ЖК директоры Жұма Нұрғалиева өз ой-пікірімен бөлісті.
Жұма Бекболатқызының Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, жастар қалаға кетіп жатса, өзі отбасымен Астанадан ауылға көшіп барған.
Оның сөзіне қарағанда, жер алып, үй салған. Содан кейін бау-бақша өсіріп, мал шаруашылығымен айналысқан.
- Міне, осындай кезде қой жүнін далаға лақтырып тастауға тура келетін. Мұны қалай пайдаға асыруға болатынын ойландым. Содан кейін көрпе, жастық тігуге бекіндім. Халықтық қолөнерге, ғаламтордан алынған ақпараттарға сүйеніп, жұмыс істей бастадым. Бастапқыда қолмен тігу қиынға түсті. Кейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 9 млн теңгеге қажетті жабдықтарға қол жеткізіп, жұмысты өндірістік негізде жолға қойдым. Бұған «Ауыл» партиясы, Ақмола облысы әкімдігі және «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолдау көрсеткенін айта кеткім келеді, - дейді Ж.Нұрғалиева.
Оның айтуынша, меринос қойының жүнінен тігілген тоқыма өнімдері өтімді болғандықтан, Астана қаласынан да арнайы орын ашқан. Қазіргі кезде өз отбасынан бөлек Астанада 3, ауылда 3 адам нәпақасын осыдан тауып жүр.
«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» демекші, қаршадайынан еңбекпен көзін ашқан балалары ер жетіп қалған. Қой сатып, соның қаржысына шетелге барып, ағылшын тілін үйреніп алған.
Бүгінгі таңда «Тәжі» бренді Қазақстан ғана емес, шет елде де танымал бола бастады. Тапсырыстар Қытай, Чехия, Италия елдерінен түсіп жатыр.
- Ғалымдардың зерттеуі негізінде қара қойдың жүнінен биологиялық тыңайтқыштар өндіруді ойластырудамыз. Меніңше, Қазақстанның әр ауылында осындай шағын өндіріс орындары болса, артықтық етпейді. Өйткені тәуекелі аздау. Үлкен кәсіпорын болса, шикізат жетіспей, тұйыққа тірелуі мүмкін. Сондықтан ата-баба дәстүрін жаңарта отырып, табиғи өнімдерге бетбұрыс жасауымыз керек, - деп қосты Ж.Нұрғалиева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда қой шаруашылығын қалай дамытуға болатынын жазған едік.