Кәсіпкер әйелдердің 17 мыңға жуық жобасы 638 млрд теңгеге субсидияланды

Бүгінде мемлекет бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында ауқымды қолдау шараларын қабылдап жатыр, деп хабарлайды .Kazinform.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков атап өткендей, кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін қаржылық және қаржылық емес шаралар ұсынылады.

"2022 жылы және биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша кәсіпкер әйелдердің 638 млрд теңгеге 17 мыңға жуық жобасы субсидияланды, 114 млрд теңгеге 13 мыңға жуық жоба кепілдендірілді. Осы кезеңде 147 мың кеңес берілді", - деді ол.

Сондай-ақ, елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша 20 орталық жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 7 мыңнан астам кеңес беріліп, түрлі қызметтер көрсетілді.

Өңірлерде «Бір ауыл - бір өнім» жобасы табысты іске асырылуда. Оның мақсаты – жергілікті қоғамдастықтың әлеуетін дамыту әрі нығайту, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Қазіргі таңда жоба нарықтық әлеуеті бар өңірлердегі ең перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Жалпы, «таза парақтан» реттеу саясаты және жаңа Салық Кодексі бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға, әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.