Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төленетін ай сайынғы базалық төлемақы мөлшерлемелерін арттыруды көздейтін мәслихат шешімі жобасы талқыланды.
Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаеваның айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де қаралған.
– Бастапқыда жоба қаланың басым бөлігінде сыртқы жарнаманы орналастыруға арналған базалық мөлшерлемелерді бірден 200 пайызға арттыруды көздеді. Кәсіпкерлер қауымдастығының ұсыныстары ескеріліп, құжат қосымша пысықтауға жіберілді. Кейін мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар және кәсіпкерлер қатысқан жұмыс кеңесінде мөлшерлемелерді 100 пайызға арттыруды қарастыратын жаңартылған жоба талқыланды. Алайда кәсіпкерлер мұндай өсімнің өзі қаржылық жүктемені арттырып, сыртқы жарнама қызметтерінің қымбаттауына, шағын және орта бизнес үшін қолжетімділіктің төмендеуіне, инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуіне және бәсекелестік ортаға кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді, – деді Майя Исаева.
Талқылау барысында кәсіпкерлер қолданыстағы мөлшерлемелерді сақтау немесе оларды кезең-кезеңімен арттыру тетігін енгізу жөнінде ұсыныс білдірді. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл бизнеске жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік беріп, қаржылық жүктемені азайтуға, жұмыс орындарын сақтауға және сыртқы жарнама нарығының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Сондай-ақ кәсіпкерлер қауымдастығы жобаны мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен қосымша талқылау қажеттігін атап өтті.
Отырыс барысында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Исламбек Төлебаев мөлшерлемелерді бастапқы кезеңде 50 пайызға арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, Салық кодексінің 655-бабы мөлшерлемелерді біртіндеп өсіруге мүмкіндік береді.
Депутаттың пікірінше, бұл тәсіл енгізілетін өзгерістердің нарыққа әсерін, саланың экономикалық ахуалын және кәсіпкерлерге түсетін қаржылық жүктемені бағалауға көмектеседі.
Жиын қорытындысы бойынша Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер қауымдастығының ұсыныстарын ескере отырып, мәслихат шешімі жобасының жаңа редакциясына сараптамалық қорытынды әзірлеу ұсынылды.
Сондай-ақ мәслихатқа базалық мөлшерлемелерді бастапқы кезеңде 50 пайызға көтеру және кейін қабылданған шешімнің салаға әсеріне талдау жүргізу мәселесін қарастыру жөнінде ұсыным жолданды.
Бұған дейін Шымкентте жарнама төлемін есептеу кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік тудырғаны туралы жазған едік.