Кәсіпкерлер су тасқынымен күреске қаржылай көмек көрсетуді жалғастыруда

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің дәулетті азаматтары мен ірі компаниялар су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек ретінде әлі де ауқымды қаржы аударып жатыр.

Фото: Жамбыл облысының прокуратурасы

Бүгін BI Group компаниясы су басқан өңірлердегі тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 5 млрд теңге бөлетіні белгілі болды.

«Табиғат апатынан зардап шеккен отандастарымыздың жағдайы бізді бей-жай қалдыра алмайды. Су тасқынының алғашқы күндерінен бастап BI Group шұғыл қажеттілік үшін өңірлерге 500 миллион теңге аударып, жергілікті билік органдарына, адами ресурстар, құрылыс және арнайы техника бөлді. Су тасқынының салдарын ескере отырып, біз қаржылық көмекті 5 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдадық», - деді компания басшысы Айдын Рахымбаев.

Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 1,2 млрд теңге жіберді.

Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев пен «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова 20 жылдан астам уақыт жүйелі және тұрақты негізде қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Ел өңірлерінде мектептер мен әлеуметтік мекемелерді, балаларға арналған ойын қалашықтары мен спорт алаңдарын, робототехника орталықтарын және жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған ауруханаларды салуға үлес қосуда.

Еліміздің көптеген өңірі су тасқыны аймағында қалып, халық зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бас қосқан осы қиын кезеңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген вектор бойынша меценаттар да шет қалмай, су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге 1 млрд теңге аударды.

«Табиғи апатқа тап болған қазақстандықтарға қолдау білдіреміз. Бір елде тұрып жатқан соң қайғымыз да ортақ. Менің туған жерім Атырау облысының аудандарын да су басты. Жағдайды ұдайы бақылап, апаттың ауқымын түсіне отырып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын қалпына келтіруге 1,2 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдадық», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің оқушылары қайырымдылық жәрмеңке өткізіп 9 миллион теңге жинаған.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, біз ортақ күш-жігермен қиын жағдайды еңсеретінімізге сенеміз. Табиғат апатының беті қайтып, жаңа үйлер бой көтеріп, еліміз бұдан әрі нығайып, бірлігі арта түсетініне шын жүректен сенеміз», - дейді «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова.

Кәсіпкер Бахаридин Аблазимов және оның компаниялар тобы су тасқынынан зардап шеккен Қазақстанның бірқатар өңіріне 2,7 миллиард теңге бөледі. Қаражат зардап шеккен аймақтардағы маңызды инфрақұрылымды қалпына келтіруге, жаңа үйлер сатып алуға және салуға бағытталады.

Көмекті дұрыс пайдалану мақсатында қаражат «Демеу Қазақстан» қорының арнайы шотына аударылмақ.

Биыл наурыз айынан бастап «ҚазАзот» АҚ, «Матен Петролеум» АҚ компаниялар тобы 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Оның ішінде 70 миллион теңге материал және гуманитарлық көмек түрінде көрсетілді.

Сондай-ақ, су басқан өңірлерге барған еріктілердің шығынын өтеуге 30 миллион теңгеден астам қаражат жіберілді.

«Біз су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге алғашқы күннен бастап көмек көрсетіп келеміз. Мен бұл сынақты бірлік пен ұйымшылдықтың арқасында жеңетінімізге сенімдімін», - дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, бүгін Әлидар Өтемұратовтың су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің бірі Ақтөбе облысына 500 миллион теңге бөлгені мәлім етілді. Қаражат су тасқынынан зардап шеккен адамдарға пәтерлер сатып алуға және үйлер салуға жұмсалады.

«Қиын жағдайда мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам ресурстарын біріктіру - табиғи апат салдарымен күресудің кілті. Су басқан өңірлердегі мәселелерді шешуге қатысты жылдам әрі тиімді шаралар - тұрғындардың ендігі жағдайы мен экологиялық апаттың алдын алудың кепілі», - деді Әлидар Өтемұратов.

Бұған дейін қазақстандық миллиардерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне құлап асып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек, қолдау ретінде ірі көлемде қаржы бөлгені туралы хабарлаған едік.

Еске сала кетейік, Президент Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітілетіні туралы айтқан еді.

Мақсат – тасқын судың зардабын тартқан адамдарға қол ұшын созу.

Kazinform агенттігі тасқын су салдарын жоюға Forbes тізіміндегі бай-манаптардан кімдер тартылатындығына шолу жасады.