Кәсіпкерлерді тексеру мен жауапқа тарту анағұрлым азаяды

АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40%-ға жетуі керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтып берді. 

Фото: otyrar.kz

«Қабылданған шаралар нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36,5%-ға дейін өсті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізуіміз керек. Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде кәсіпкерлік қызметте жаңа реттеуші саясат енгізілуде. Қазір «Таза парақтан бастау» реформасы бизнесті белсендіру жолында ынталандырушы шаралардың тиімділігін арттыруда. Бүгінгі таңда 9 мың артық талап алынып тасталды. Қалған 1 мыңға жуығы бизнесті жүргізу жөніндегі заң жобасы шеңберінде алынады. Бұл құжат қазір Сенат қарауында», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Үкімет басшысы биылдан бастап бақылау мен қадағалау салаларында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылғанын еске салды. Бұл бизнесті жоспарлы тексеру мен кәсіпкерлерді жауапқа тарту жағдайларын біршама қысқартады. Осы арқылы бизнес әкімшілік жүктеменің төмендегенін сезінуі керек.

«Сонымен қатар салықтық ынталандыру аясында былтырдан бері 4% ставкамен бөлшек салық режимі енгізілді. Еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізіліп, микро және шағын бизнеске жалпы қаржылық жүктеме 34,5%-дан 20%-ға дейін төмендеді. Дегенмен кейбір мәселелер шешілмеген күйінде қалып отыр, олар өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруде. Мысалы әкімдіктер бизнестің базалық инфрақұрылымға қосылу бойынша артып келе жатқан қажеттілігін игере алмай отыр. Өңірлер жоспарланған жобаларды уақытылы пайдалануға беру үшін инженерлік желілер мен коммуникацияларды жеделдетіп жүргізулері қажет», - деді спикер.